Жылдамдықты 2 шақырымға асырғаны үшін айыппұл салынбайды

Әлеуметтік желілерде «жылдамдықты тіркеу шегі төмендеп, енді сағатына 2 шақырымға асырудың өзіне айыппұл салынады» деген мазмұндағы бейнеролик тарап жатыр. Алайда бұл мәлімет шындыққа жанаспайды деп хабарлайды sayasatlive.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ішкі істер министрлігінің түсіндіруінше, құқық бұзушылық үшін жауапкершілікке тарту тәртібі еш өзгерген жоқ. Әкімшілік жауапкершілік бұрынғыдай жылдамдықты белгіленген мөлшерден сағатына 10 шақырымға және одан жоғары асырған жағдайда ғана қолданылады. Ал 8 мамырдан бастап күшіне енетін жаңа бұйрық тек техникалық құрылғылардың, яғни камералардың өлшеу дәлдігі мен рұқсат етілген қателік шегін нақтылауға бағытталған. Бұл құжат жүргізушілерге ешқандай жаңа міндеттеме жүктемейді.

Мемлекеттік органдар жалған ақпарат таратқан тұлғаның анықталғанын мәлімдеді. Қостанай облысы Рудный қаласының тұрғыны осы әрекеті үшін сот шешімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. ІІМ өкілдері азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге және тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырады.

Еске салайық, Қазақстан заңнамасында көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Ұқсас ақпараттар