Токиода өткен жазғы Сурдлимпиада ойындарында ел намысын қорғап, үздік шыққан 32 спортшы мен олардың 42 жаттықтырушысына жалпы сомасы 5,5 миллиард теңге көлемінде сыйақы төленді деп хабарлайды sayasatlive.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Үкімет қаулысымен бөлінген бұл қаражат халықаралық аренада жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларды ынталандыруға бағытталған. Заңнамаға сәйкес, алтын алғандарға 130 миллион теңге, күміс жүлдегерлерге 78 миллион теңге, ал қола медаль иегерлеріне 39 миллион теңгеден берілді. Сонымен қатар, 4-6 орын аралығында тұрақтаған спортшылар да назардан тыс қалмай, оларға 2,5 миллионнан 15 миллион теңгеге дейінгі аралықта төлем жасалды.
Жалпы, Токио төріндегі додаға әлемнің 81 елінен 3 мыңға жуық спортшы қатысқан болатын. Қазақстан құрамасы спорттың сегіз түрінен сынға түсіп, қоржынға 25 медаль (8 алтын, 4 күміс және 13 қола) салды. Осы көрсеткіштің арқасында біздің спортшылар жалпыкомандалық есепте 9-орынға табан тіреді.
Еске салайық, бұл төлемдер мемлекеттің жоғары жетістіктер спортын қолдау және Қазақстанның халықаралық деңгейдегі беделін арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстарының аясында жүзеге асырылып отыр.

