Шымкентте көше қиылысында дрифт жасап, жол қозғалысына кедергі келтірген жүргізуші темір торға тоғытылды деп хабарлайды sayasatlive.kz ІІМ-не сілтеме жасап.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, 34 жастағы ер адам қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, жолда қауіпті әрекеттер жасаған. Ол қала көшелерінде әдейі дрифт ұйымдастырып, күрт маневрлар жасау арқылы қарсы жолаққа шығып кеткен. Жүргізуші бұл қылығын інісінің үйлену тойын атап өтпек болғанымен түсіндірген. Алайда мұндай «тойлау» жол үстіндегі өзге де азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндірді.
Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде құқық бұзушы ұсталып, әкімшілік қамауға алынды. Полиция қызметкерлері жол ережесін елемей, айналасындағыларға қауіп төндіретін кез келген заңсыз әрекет қатаң түрде тоқтатылатынын ескертеді. Кінәлілер заң аясында жауапқа тартылады.

