Алдағы апта спорт сүйер қауым үшін тартысқа толы болмақ. 4-10 мамыр аралығында отандастарымыз әлемнің түкпір-түкпірінде өтетін ірі додаларда ел намысын қорғайды деп хабарлайды sayasatlive.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Аптаның басты додасы елорда төрінде өтеді. 8-10 мамыр күндері Астанада дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam әлемдік жарысы жалауын желбіретеді. Бұл сында Қазақстан құрамасының 53 спортшысы бақ сынайды деп күтілуде.
Сонымен қатар, Қытайдың Шанхай қаласында садақ атудан Әлем кубогінің екінші кезеңі басталады. 5-10 мамыр аралығында өтетін бұл жарысқа елімізден 8 мерген аттанды. Қытайдың тағы бір қаласы Сучжоуда спорттық құзға өрмелеуден халықаралық турнир өтіп, онда 2 отандасымыз жылдамдық пен күрделілік бойынша сынға түседі.
Еуропа айдындарында да ескек есу шеберлері жиналмақ. Мажарстанның Сегед қаласында байдарка және каноэде ескек есуден Әлем кубогі жоспарланған. Дүбірлі додада 12 спортшымыз ел намысын қорғайды. Ал Чехияның Подебрады қаласында өтетін жеңіл атлетикадан халықаралық жарыста 2 желаяғымыз өнер көрсетеді.
Мұхиттың арғы бетінде, Колумбияның Медельин қаласында семсерлесуден «Гран-при» турнирі өтеді. Шпагамен өнер көрсетуден ерлер мен әйелдер арасындағы сында Қазақстан намысын 8 спортшы қорғамақ.

