Алматыда «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында ірі есірткі желісінің жолы кесілді. Алатау ауданында интернет-дүкеннің тауарларын таратумен айналысқан 20 жастағы жігіт қолға түсті деп хабарлайды sayasatlive.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Тәртіп сақшылары күдіктіні жеке тінту кезінде 127 орам мефедрон мен 2 мың дана «экстази» таблеткасын тәркіледі. Ал оның тұрғылықты жерін тексеру барысында тағы 1 келіге жуық синтетикалық есірткі табылды. Жалпы алғанда, заңсыз айналымнан 2,5 келі психотроптық зат алынды. Бұл – қара базарға жол тартпаған 6 мың бір реттік доза.
Белгілі болғандай, қылмыстық топ мүшелері өзара есеп айырысу үшін криптовалюта пайдаланған. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Заң бойынша күдікті 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ішкі істер министрлігі жасырын цифрлық технологияларды қолдану жауапкершіліктен құтқармайтынын ескертіп, азаматтарды күмәнді жұмыс ұсыныстарынан сақ болуға шақырады.
Еске салайық, бұған дейін елімізде есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл шаралары күшейтіліп, есірткіні жарнамалағаны және таратқаны үшін жауапкершілік қатаңдатылған болатын.

