Атырау облысының прокуратурасы өңірдегі бекіре тұқымдас балықтар мен олардың өнімдерін заңсыз айналымға салғандарға қатысты қатаң ескерту жасады деп хабарлайды sayasatlive.kz.
Қадағалау органының талдауы көрсеткендей, бекіре балығын заңсыз аулаудың тыйылмауына тұтынушылар тарапынан болатын жоғары сұраныс тікелей әсер етіп отыр. Яғни, қара базардан балық немесе уылдырық сатып алған қарапайым азаматтар да браконьерліктің өршуіне жол ашуда. Прокуратура бұл әрекеттің тек браконьерлер үшін емес, сатып алушылар үшін де қылмыстық жауапкершілік жүктейтінін еске салады.
Мәселен, биыл Атырау қаласының бір тұрғыны көлігіне 500 келіден астам бекіре балығын тиеп алғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот оны кінәлі деп танып қана қоймай, мемлекетке келтірілген 304 миллион теңгеден астам шығынды өтеуді міндеттеді. Бұл мысал заңсыз балық айналымының соңы қаншалықты ауыр болатынын көрсетсе керек.
«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339 және 339-1-баптарына сәйкес, тек балық аулағандар ғана емес, оны сатып алған, сақтаған немесе тасымалдаған адамдар да заң алдында жауап береді. Тиісті құжаты жоқ, шығу тегі күмәнді өнімді сатып алу арқылы сіз қылмысқа сыбайлас болып саналасыз», — делінген хабарламада.
Еске салайық, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Атырау облысында экология саласында 30 құқық бұзушылық тіркеліп, 10 адамға қатысты айыптау үкімі шыққан болатын. Прокуратура азаматтарды заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтынын қатаң ескертеді.






























