Астанада ірі халықаралық кітап жәрмеңкесі өтеді

22-26 сәуір күндері елордадағы Президент орталығында Astana Eurasian Book Fair – 2026 IX халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылады, деп хабарлайды sayasatlive.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Орталық Азиядағы ең ірі мәдени шаралардың бірі саналатын бұл көрме биыл Туризм және спорт министрлігі бекіткен арнайы күнтізбеге енгізілген. Шараның басты мақсаты — еліміздегі оқиғалық туризмді өрістетіп, мәдени имиджді нығайту.

Биылғы жәрмеңкеге Қазақстаннан бөлек әлемнің 15 елінен, атап айтқанда Ресей, Түркия, Қытай, Ұлыбритания және Испаниядан 80-нен астам компания қатысады. Қатысушылардың тең жартысы — отандық баспалар. «Фолиант» баспасы ұйымдастырып жатқан шара аясында бес күн бойы кітаптардың тұсаукесері, жазушылармен кездесулер мен түрлі шеберлік сабақтары өтеді.

Бағдарламаның маңызды бөлігі — 23 сәуір күні өтетін Ұлттық кітап күні. Осы күні «Ұлттық кітап» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталмақ. Көрменің салтанатты ашылуы 22 сәуір күні сағат 11:00-ге жоспарланған.

Еске салайық, Astana Eurasian Book Fair көрмесі жыл сайын елордада дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Шараға мемлекет және қоғам қайраткерлерімен қатар, шетелдік дипломаттар мен танымал қаламгерлер қатысады.

Ұқсас ақпараттар