Азия чемпионатында топ жарған қазақ боксшыларын Президент құттықтады

Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өткен бокстан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы айқын басымдықпен жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құраманы осы табысты жеңісімен құттықтады деп хабарлайды sayasatlive.kz.

Президент спортшыларымыздың бұл жетістігі отандық бокс мектебінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдегенін атап өтті. Құттықтау мәтінінде алтын тұғырдан көрінген Оразбек Асылқұлов, Сабыржан Аққалықов, Нұрбек Оралбай, Айбек Оралбай, сондай-ақ Надежда Рябец пен Дина Исламбекованың ортақ жеңіске қосқан зор үлесі ерекше аталды.

Жалпы, қазақстандық былғары қолғап шеберлері құрлық біріншілігінен 13 медаль (6 алтын, 2 күміс және 5 қола) еншіледі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер тізімі:

  • Алтын: Надежда Рябец (-80 кг), Дина Исламбекова (+80 кг), Оразбек Асылқұлов (-60 кг), Сабыржан Аққалықов (-75 кг), Нұрбек Оралбай (-85 кг), Айбек Оралбай (+90 кг).

  • Күміс: Бақыт Сейдіш (-70 кг), Төрехан Сабырхан (-70 кг).

  • Қола: Айгерім Сәттібаева (-48 кг), Валентина Хальзова (-75 кг), Махмұд Сабырхан (-55 кг), Ертуған Зейнуллинов (-65 кг), Сағындық Тоғамбай (-90 кг).

Жалпы есепте екінші орынды 5 алтынмен Үндістан иеленсе, үздік үштікті 3 алтын алған Өзбекстан командасы түйіндеді. Мемлекет басшысы қазақ боксшыларына алдағы әлемдік додаларда көк байрағымызды биікте желбірете беруді тіледі.

Еске салайық, биылғы Азия чемпионатында барлығы 14 мемлекеттің спортшысы жүлделі орындардан көрінді.

Ұқсас ақпараттар