Қазақстанда ең өтімді отын түрі — АИ-92 бензинінің бағасын өсіруге қойылған шектеу өз мәресіне жетті. Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың айтуынша, бағаның күрт шарықтауы болмайды, алайда құнның біртіндеп өсуі әбден мүмкін, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Вице-министр бұған дейін де жанар-жағармай нарығы еркін айналымға жіберілгенде бағаның аспандап кетпегенін еске салды.
«Бұл — тек Энергетика министрлігінің ғана емес, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен әкімдіктердің бірлескен жұмысының нәтижесі. Біз нарықтағы бәсекелестікке қайшы әрекеттерге жол бермеу үшін күш салып жатырмыз», — деді Сұңғат Есімханов үкіметтегі брифингте.
Шенеуніктің сөзіне сенсек, мемлекет тарапынан бақылау тоқтамайды. Әсіресе, нарық қатысушыларының негізсіз пайда табуына жол берілмейді. Дегенмен, отынның біртіндеп қымбаттау мүмкіндігін министрлік жоққа шығарған жоқ.
Сарапшылар бензин бағасының өзгеруі елдегі жалпы инфляция мен өмір сүру деңгейіне тікелей әсер ететінін айтып, дабыл қағуда. Өйткені Қазақстан автопаркінің негізгі бөлігі дәл осы АИ-92 маркалы бензинді тұтынады.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстандағы жанармай бағасына қатысты уақытша мораторий 2025 жылдың қазан айында енгізілген болатын. Негізгі мақсаты нарықтағы бағаның негізсіз өсуін тоқтату және инфляцияны ауыздықтау. Билік бағаны бір деңгейде қатырып тастамай, әр жанармай бекетіне 2025 жылдың 16 қазанындағы бағасын сақтауды міндеттеді. Сол кездегі шешім бойынша АИ-92 литріне 213 – 239 теңге, ал дизель 317 – 337 теңгеаралығында тұрақтап қалған еді.
Энергетика министрлігі мен Бәсекелестікті қорғау агенттігі осы уақыт аралығында нарықтағы «ойыншылардың» бағаны негізсіз көтермеуін жіті қадағалап келді. Енді сол шектеу мерзімі аяқталып, нарық біртіндеп еркін айналымға көше бастады.
































