«Астана» баскетбол клубының қызметін тоқтату туралы ақпаратқа Қазақстан Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті түсініктеме берді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Комитеттің мәліметінше, соңғы жылдары клубтың халықаралық аренадағы ойын нәтижелері қойылған міндеттер мен үміттерге сәйкес келмеген. Өткен маусымның қорытындысы бойынша ВТБ Бірыңғай лигасының 44 матчында екі ғана жеңіске жеткен «Астана» БК соңғы, 12-орынды иеленді.
Жеңілістер пайызы 95%-дан асып, бұл клубтың Лигадағы өнер көрсету тарихындағы ең нашар нәтижесі болды. Сонымен қатар, сегіз жыл бойы команда аталған турнирдің плей-офф кезеңіне шыға алмады. Ішкі аренада да «Астана» баскетбол клубы қойылған мақсаттарға жете алмай, Қазақстан Кубогы үшін күресте жеңіліп, Ұлттық лигада чемпиондық атақты жеңіп ала алмады.
«Өткен жылы спортты қаржыландыру тиімділігін арттыруды көздейтін Заң қабылданды. Оның негізгі ережелері ұлттық құрама командаларды басым дамытуға, спорттық резервті қалыптастыруға, сондай-ақ легионерлерді бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салуға бағытталған. Қалыптасқан жағдайда отандық баскетболды дамыту тәсілдерін қайта қарау мүмкіндігі қарастырылуда. Жастар командасын дамыту, спорттық резервті дайындау және балалар-жасөспірімдер спортын қолдау басымдыққа ие болады», — деп атап өтті ұйым.
Бұған дейін елордалық команда мен Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншылары ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және спорт министріне бейнеүндеу жолдаған болатын. Спортшылар негізгі құрамның таратылуы оларды жұмыссыз қалдырып, көптеген ойыншыларды кәсіби мансабын аяқтауға мәжбүрлейтінін атап өтті. Ойыншылар клубқа Қазақстан чемпионатында қатысу үшін болса да қаржыландыруды сақтауды сұрады.
«Бізге кәсіби деңгейде өнер көрсетуге мүмкіндік беретін басқа командалардың болмауына байланысты, мансабымызды жалғастыратын жеріміз жоқ. Бұл шешімді қабылдау 12 кәсіби баскетболшыны мансабын аяқтауға, ал Қазақстан ұлттық құрамасын көптеген жылдар бойы еліміздің намысын халықаралық аренада қорғаған ойыншылардан айыруға мәжбүр етеді. Егер «Астана» ПБК Қазақстан чемпионатында қатысуын сақтап қалса, бізде елімізде баскетболды одан әрі дамытуға, өз клубтарымыздың және ұлттық құраманың намысын қорғауға мүмкіндік қалады. «Астана» негізгі командасының жойылуы бүкіл қазақстандық баскетболға үлкен зиян келтіреді. Бұл жас ойыншылардың дамуына қауіп төндіреді, ұлттық чемпионатты әлсіретеді, ұлттық құрамаға ойыншыларды дайындау жүйесін бұзады және спорт түріміздің болашағына елеулі зиян тигізеді. Сондай-ақ, біз барлық жанкүйерлерімізге осы қиын жағдайда бізді қолдауды және осы мәселеге қоғамның назарын аударуға көмектесуді сұраймыз. Сіздің қолдауыңыз бүгін ерекше маңызды», — делінген ойыншылардың үндеуінде.


