ERG акцияларының 40%-ы «Самұрық-Қазына» қорының меншігіне өтті

«Самұрық-Қазына» АҚ 4 тамызда үкіметтің шешіміне сәйкес Eurasian Resources Group-тың 40% мөлшеріндегі мемлекеттік акциялар бумасы қордың меншігіне өткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

«Активті беру «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Қазақстан Республикасының мүддесі үшін мемлекеттік активтерді тиімді басқару жөніндегі егемен қор ретіндегі стратегиясы мен рөліне сәйкес келеді», – деді қорда.

Қорға берілген акциялардың 40%-ы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне тиесілі болды. ERG – халықаралық тау-кен және металлургия тобы, Қазақстанда, Бразилияда, Африка және Еуропа елдерінде қызмет етеді.

ERG құрылтайшы акционерлерінің бірі Әлижан Ибрагимовтың мұрагерлеріне акциялардың 20,7%-ы, ал қазақстандық кәсіпкер Шахмұрат Мұталипке 39,3%-ы тиесілі. Мамыр айында ол Патох Шодиевтің және Александр Машкевичтің мұрагерлерінің Eurasian Resource Group-тағы үлестерін сатып алды. Бұған дейін Bloomberg агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап, ERG екі компанияға – қазақстандық және халықаралық компанияларға бөлу мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлаған болатын.

Бөлінген жағдайда ERG екі негізгі жеке акционер – Шахмұрат Мұталип пен Шухрат Ибрагимов арасында бөлінуі мүмкін. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 20 шілдедегі жағдай бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын немесе жер қойнауын пайдалану құқығына байланысты объектілерді беруді көздейтін Eurasian Resources Group-ты бөлу мәселесі бойынша министрлікке өтініштер түспегенін атап өтті. Мұндай өтініш түскен жағдайда оны заңдарда белгіленген тәртіппен қарауға уәде берілді.

Ұқсас ақпараттар