Астанада автосалонның бұрынғы сату менеджері екі көлікті алаяқтық жолмен иемденіп алғаны үшін сотталды. Көліктердің жалпы құны 23 млн теңге, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Қадағалау органының мәліметінше, «Changan CS55 Plus» және «Toyota Camry» автокөліктерінің иелері өз көліктерін кейіннен сату үшін автосалонға өткізген. Менеджер оларға сатып алушыларды тапқанын айтып, көліктерді үшінші тұлғаға қайта ресімдеуге көндірген, мәміле үшін ақша жақын күндері түсетініне сендірген. Көліктерді қайта ресімдегеннен кейін ер адам ақшалай қаражатты алған, бірақ оны өз қалауынша жұмсап, заңды иелеріне бермеген.
Нәтижесінде жәбірленушілерге 23 млн теңге материалдық зиян келтірілді. Сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдеді. Ер адам өз кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкінді. Сот оны кінәлі деп танып, үш жыл төрт ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, жәбірленушілердің келтірілген зиянды өтеу туралы азаматтық талап арыздары қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енді.
Прокуратура мүлікке қарсы қылмыстар қылмыстық жазаланатын әрекеттер санатына жататынын және мүлкін тәркілеумен жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғуы мүмкін екенін еске салды. Ведомство сондай-ақ азаматтарды заңнама талаптарын сақтауға шақырды.


