Алматы полициясы «Қайрат» — «Ордабасы» матчы алдында жанкүйерлерге үндеу жасады

Алматы полициясы «Қайрат» — «Ордабасы» матчы кезінде жанкүйерлерді тәртіп сақтауға және арандатушылыққа бой алдырмауға шақырды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, стадионда және оның маңындағы қауіпсіздікті полиция қызметкерлері, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері және басқа да қызмет өкілдері қадағалайды. Жағдайды бақылау үшін бейнебақылау камералары да қолданылады.

Полицейлер агрессивті мінез-құлық, тыйым салынған атрибуттарды пайдалану, балағат сөздер айту және жанжал тудыру әрекеттері әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін ескертті. Алматы қалалық ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев жанкүйерлерге сүйікті командасын өркениетті түрде қолдауды өтінді.

«Біз өз командаларын қолдауға келген барлық жанкүйерлерді Алматыда қарсы алуға қуаныштымыз. Біздің ортақ міндетіміз — бұл матчтың әдемі ойынымен, жарқын эмоцияларымен және бір-біріне деген құрметпен есте қалуын қамтамасыз ету. Барлығынан қоғамдық тәртіпті сақтауды, арандатушылыққа бой алдырмауды және нағыз жанкүйерді мінез-құлық мәдениеті, қарсыласқа деген құрмет және өз командасына шынайы қолдау ерекшелейтінін есте сақтауды сұраймыз. Полиция матчқа қатысушылар мен көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қолданады», — деді ол.

Полиция кездесудің оқиғасыз өтетініне және көрермендер оны трибуналардағы жанжалдармен емес, командалардың ойынымен есте сақтайтынына сенеді. Қазақстан Премьер-лигасының 19-туры аясындағы «Қайрат» пен «Ордабасы» арасындағы матч Алматыда жексенбі, 26 шілдеде өтеді. Сөре ысқырығы сағат 19:00-де естіледі.

Ұқсас ақпараттар