Жамбыл облысы прокуратурасының мәліметінше, «Байзақ колледжі № 3» КМҚК-да жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарының сақталуын талдау барысында елеулі заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Тексеру нәтижесінде аталған санаттағы жеті студент, сондай-ақ бір мүгедектігі бар студент қолданыстағы заңдарда көзделген әлеуметтік кепілдіктерді алмаған. Атап айтқанда, оларға демалыс кезеңінде тынығуға жолдама берілмеген, жол жүру шығындары өтелмеген және тәуліктік төлемдер төленбеген. Бұдан басқа, колледж студенттерді қажетті киіммен қамтамасыз етпеген және екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек төлеу міндеттемелерін орындамаған.
Анықталған заңбұзушылықтарға жауап ретінде прокуратура колледж басшылығына прокурорлық қадағалау актісін жолдады. Оны қарау нәтижелері бойынша барлық заңбұзушылықтар жойылды және студенттердің құқықтары толық көлемде қалпына келтірілді.


