Бірақ жарыстан шығып қалған құрамалардың соңынан ерген әңгіме әлі саябырсыған жоқ. Кімнің қай тұста қателескені, қай бапкердің қандай шешімі кері кеткені, қай ойыншының үмітті ақтай алмағаны әлі талқыланып жатыр. Әлем баспасөзіне азық болған құрамалардың бірі — Португалия.
Бұл құрамаға жұрттың өзгелерден көбірек үңілуінің де жөні бар. Оның сапында әлем футболының тарихына атын алтын әріппен жазған Криштиану Роналду душ Сантуш Авейру болды. Сондықтан Португалияның жеңісі де, жеңілісі де Роналдудан айналып өтпейді. Испаниядан ұтылып, жарыстан шығысымен-ақ ескі дау қайта тұтанды: Португалияның жолын Роналду кесті ме, әлде құрама қолындағы ең өткір қаруды кәдеге жарата алмады ма?
Роналдуға айтылған сынның жаны бар. Жасы ұлғайды, бұрынғыдай жылдам емес, доптан айырылған сәтте қарсыласқа бірден қысым жасамайды. Оның алаңда болуы команданың қорғаныстағы қимылына әсер ететіні де анық. Қырықтан асқан футболшыдан жиырма бес жасындағы қарқын мен тоқтаусыз қозғалысты күту қисынсыз.

Бірақ Португалияның мәселесін тек Роналдудың жасымен түсіндіру жеткіліксіз.
Команда оны негізгі құрамға шығарғанда, оның қазіргі мүмкіндігін де, кемшілігін де жақсы білді. Демек бапкерлер Роналдудан бұрынғыдай қапталдан құйындатып өтіп, бірнеше қорғаушыны алдап кетуді күтпегені анық. Оның бүгінгі басты қаруы — қақпа алдындағы шеберлігі.
Роналду доптың қай тұсқа түсетінін өзгелерден бұрын сезеді. Қорғаушының сәл жаңылғанын қалт жібермейді. Допты тоқтатып, ыңғайына келтіруге уақыт жоғалтпай, бірден соққы жасай алады. Әуеден келген допқа көтерілгенде де қауіпті. Жылдамдығы азайғанымен, осы қасиеттері жоғалған жоқ.
Сондықтан одан алаңның әр бұрышына үлгеруді емес, айып алаңындағы бір сәтті тиімді пайдалануды күту керек еді. Ол үшін Роналдуға көп мүмкіндік те қажет емес. Дұрыс бағытталған бір пас немесе қапталдан дәл көтерілген бір доптың өзі жеткілікті болуы мүмкін.
Оның айып алаңында қаншалықты қауіпті екенін қарсыластары да жақсы біледі. Өзбекстан құрамасының бас бапкері Фабио Каннаваро кезінде ойыншыларына Роналдуға бір сәт те бос кеңістік қалдырмауды ескертетінін айтқан.
«Бір сәтке көз жазып қалсаң, шаруаң бітті. Ол айып алаңының ішінде қай жерден саңылау табуды өте жақсы біледі», — деген еді италиялық маман.
Испания қақпашысы Унаи Симон да Роналдуды қақпадан алысырақ ұстау керек екенін айтқан.
«Ол қақпа маңындағы бос орынды тез тауып алады да, допты тоқтатып жатпастан бірден соққыға айналдырады», — дейді ол.
Яғни Испания Роналдудың қазіргі ең қауіпті тұсын жақсы білді. Оны айып алаңынан алыстатып, қақпа алдында еркін қимылдауына мүмкіндік бермеуге тырысты. Ал Португалия сол шектеуді бұзу үшін қандай амал қолданды?
Роналду негізгі құрамда болғанымен, команданың шабуылы оның мергендігін ашуға бағытталмады. Қапталдан дер кезінде жеткізілген доп аз болды. Қорғаушы мен қақпашының арасына бағытталған пастар сирек кездесті. Айып алаңының ішінде бірден соққы жасайтын анық мүмкіндік те жасалмады.
Допты жеткізбей тұрып шабуылшыдан гол талап ету қиын.
Роналдудың алаңда жүруінің өзі қарсылас қорғанысына қосымша салмақ түсіреді. Қорғаушылар оның допсыз қозғалысын да бақылауға мәжбүр. Бірі жанында тұрса, екіншісі артындағы кеңістікті жабады. Қапталдағы ойыншы доп көтеруге дайындалғанда, тағы бір қорғаушы қақпаға қарай ойысады.

Бұл өзге португал ойыншыларына кеңістік ашуы керек еді. Бруну Фернандеш айып алаңының сыртында еркінірек қимылдап, Рафаэл Леау мен Педру Нету қапталдан ішке ене алар еді. Нуну Мендешке де алға шығатын жол ашылуға тиіс болатын.
Алайда Португалия осы артықшылықты пайдалана алмады.
Команда допты ұзақ ұстады. Бір қапталдан екіншісіне ауыстырды. Кейін қайтарып, қайтадан алға шықты. Бірақ доп айып алаңына жеткенше Испания қорғанысы орнығып үлгерді. Соның салдарынан Роналду бірнеше қорғаушының арасында қалып отырды.
Оған бағытталған пастардың көбі не кешікті, не қолайсыз берілді. Қапталдан көтерілген доп қорғаушылардың үстінен асып кетсе, жермен берілген пастардың бағыты мен жылдамдығы үйлеспеді. Роналду ашылған сәтте тәуекелді пас шығарудың орнына допты кейін қайтарған кездер де болды.
Сырт көзге мұндай шабуылда шабуылшы жоғалып кеткендей көрінеді. Бірақ кейде мәселе шабуылшыда емес, оған доп апаратын жолдың жабық болуында.
Роналду доп қабылдаған сәттерде де оны орынсыз ұстап қалған жоқ. Қысқа паспен серіктерін тауып, қақпаға арқасын беріп ойнауға тырысты. Қорғаушыны өзімен бірге ілестіріп, допты Бруну Фернандешке немесе Витиньяға қалдырып, қайтадан айып алаңына енуге ұмтылды.
Мұндай алмасу дұрыс жалғасса, қарсылас қорғанысын бұзуға болады. Қорғаушы Роналдумен бірге алға шықса, артында бос кеңістік қалады. Орнында қалса, Роналду допты еркін қабылдайды. Екінші қорғаушы көмекке келсе, басқа ойыншы босайды.
Бірақ Роналду допты қайтарғаннан кейін Португалия шабуылды үдетпеді. Оның серіктері бір қимылмен алға ойнаудың орнына қауіпсіз пасты таңдады. Сөйтіп қарсылас қорғанысы қайтадан сапқа тұрып үлгерді.
Әрине, бұл Роналдудың ойынында мәселе болған жоқ деген сөз емес. Ол доптан айырылғанда қарсылас қорғаушыларын бұрынғыдай өкшелеп қумайды. Алдыңғы шептен басталатын қысымға аз қатысады. Мұның салдарынан Португалияның өзге ойыншыларына қосымша жүк түседі, ал қарсылас допты қорғаныстан еркінірек шығара алады.
Егер бапкерлер үшін алдыңғы шептегі қысым бірінші орында тұрса, Роналдуды негізгі құрамға шығармауға болатын еді. Оның орнына Гонсалу Рамушты қойып, жылдамдық пен үздіксіз қозғалысқа сүйенген шабуыл құруға мүмкіндік болды.
Ал Роналду алаңға шыққан соң, команданың ойыны оның күшті тұсына бейімделуге тиіс еді. Қапталдан допты дер кезінде жеткізу, қорғаушы мен қақпашының арасына пас беру, бір қимылмен ойнайтын серіктерін оған жақын ұстау қажет болатын. Роналду қорғаушыларды өзіне тартқан сәтте өзгелер бос кеңістікке енуі керек еді.
Португалия осы екі жолдың ортасында қалды.
Роналдусыз ойнайтын шапшаң әрі тынымсыз шабуыл құрмады. Роналдумен ойнағанда оның қақпа алдындағы шеберлігін де пайдалана алмады. Оны алаңға шығарды, бірақ бойындағы ең пайдалы қасиеттерді іске қосатын ойын ұсынбады.
Сондықтан Португалияның жеңілісін бір ғана ойыншыға тіреп қою дұрыс емес. Роналду бұрынғы деңгейінде емес. Оның жасына байланысты шектеулері бар. Бірақ ол айып алаңында әлі де қауіпті, қарсылас қорғаушыларын өзіне тарта алады және аз мүмкіндіктің өзін голға айналдыруға қабілетті.
Мәселе — Португалия осы мүмкіндіктердің қаншасын пайдалана алды деген сұрақта.
Роналдуды негізгі құрамға шығарып, оған қолайлы жағдай жасамай тұрып, кейін оның аз жүгіргенін негізгі себеп ретінде көрсету әділ емес. Егер оның кемшілігі команданың ойынына кедергі келтіретін болса, басқа шабуылшы таңдалуы керек еді. Ал таңдау Роналдуға түскен соң, ойын оның қазіргі қабілетіне сай құрылуға тиіс болатын.
Португалияның жеңілісіне Роналду жалғыз кінәлі емес. Оны негізгі кінәлі деуге де болмайды.
Басты мәселе — бапкерлер штабының Роналдудың қазіргі мүмкіндігін дұрыс бағалап, соған сай жүйе құра алмауында. Португалия әлем футболының ең тәжірибелі шабуылшыларының бірін алаңға шығарды, бірақ оған шешуші соққы жасайтын мүмкіндік бере алмады.
Португалияға Роналду кедергі болған жоқ. Португалия Роналдудың бойында қалған ең қауіпті қасиеттерді толық пайдалана алмады.


