Министрлік 2003 жылы енгізілген бұл шара салымшылар зейнетақы жинағын өзі басқара алмаған кезде өтемақы ретінде қарастырылғанын еске салды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Ол кезде зейнетақы қаражатын мемлекет басқарғандықтан, табыстылық деңгейі инфляциядан төмен болған жағдайда, айырмашылықты өтеу міндетін мемлекет өз мойнына алды. Зейнетақы қаражаты тәуекелі төмен қаржы құралдарына салынған.
Қазір салымшыларға өз зейнетақы жинағын басқаруға мүмкіндік беріліп отыр. Осыған байланысты министрлік еркіндікпен бірге жауапкершілік те болуы керек деп есептейді.
«Салымшының өзі қабылдаған шешімі үшін мемлекетке өтемақы төлеу міндетін жүктеу қоғамдық ресурстарды әділ бөлу қағидаттарына сәйкес келмейді», – деп атап өтті ведомство.
Сонымен қатар министрлік мемлекеттік кепілдік бойынша өтемақы төлеу жүйесінің тұрақты емес, әрдайым бір реттік сипатта болғанын атап өтті. Сондықтан ол ұзақ мерзімді кезеңде зейнетақы көлеміне әсер етпейді.


