Ішкі істер министрлігі Қазақстаннан жанармайды заңсыз алып шығудың жолын кесу үшін шекара маңында 60-қа жуық полиция бекеті жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері отынды заңсыз тасымалдауға қатысты 255 дерек анықталған. Заң бұзушылар көліктерін арнайы қайта жабдықтап, қосымша жанармай бактарын орнату арқылы бензинді шекарадан шығаруға әрекеттенген.
Аталған құқықбұзушылықтар үшін 195 шетел азаматы мен 60 Қазақстан азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Әзірге ІІМ полиция бекеттерінің нақты қай шекара учаскелерінде орналасқанын және заңсыз тасымалдың қай бағытта жиі тіркелгенін жариялаған жоқ.
Соңғы уақытта құзырлы органдар, әсіресе, Қазақстан-Ресей шекарасындағы бақылауды күшейтті. Бұған Ресейдегі жанармай тапшылығы салдарынан Қазақстаннан бензинді заңсыз алып шығу әрекеттерінің көбеюі себеп болып отыр.


