Мамыр айында Өскемендегі «Қазмырыштың» металлургиялық алаңында болған апаттан кейін кәсіпорынға 60 миллион теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Жалпы, жыл басынан бері компания экологиялық талаптарды бұзғаны үшін шамамен 191 миллион теңге төлеген.
Жарылыстан кейін ауаға тонналаған мырыш шаңы тарады
Шығыс Қазақстан облысы Экология департаментінің мәліметінше, 5 мамыр күні мырыш зауытында болған апат кезінде екі «жең» арқылы жалғасатын сүзгі зақымданған.
«Апат кезіндегі жарылыс салдарынан атмосфералық ауаға сағатына 2,8 тонна көлемінде мырыш шаңы шығарылды. Ластаушы заттарды рұқсатсыз атмосфераға шығарғаны үшін кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деді ШҚО Экология департаменті басшысының орынбасары Асет Сүлейменов.
Салынған айыппұл көлемі 60,55 миллион теңге болды. Апаттан кейін мырыш зауытының өндіріс көлемі 50 пайызға қысқартылды. Мамырдағы апат жалғыз заңбұзушылық емес.


