Қырғызстан билігі Қазақстанға және бірқатар көрші елдерге жанар-жағармайды тұрақты жеткізуге қолдау көрсету туралы ресми өтініш жасады, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Бішкек бұл қадамды әлемдік энергетика нарығындағы тәуекелдер мен логистикалық қиындықтарға байланысты қабылдағанын мәлімдеді.
Қырғызстанның Энергетика министрлігінің хабарлауынша, қазіргі таңда елдегі жанармай қоры жеткілікті. Алайда негізгі жеткізуші саналатын Ресейден тасымалдың қысқару қаупіне байланысты алдын алу шаралары қолға алынған.
Осыған байланысты елде «Джунда» мұнай өңдеу зауытында бензин өндірісі ұлғайтылып, жанармай қоры мен бағаға бақылау күшейтілді.
Бұған дейін Қырғызстанда АИ-95 және АИ-98 маркалы бензин тапшылығы байқалған болатын. Жергілікті мұнай трейдерлерінің мәліметінше, елдегі мұнай өнімдерінің 90%-дан астамы Ресейден импортталады. Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына жасалған шабуылдардан кейін жеткізілім көлемі азайған.


