Қазақстан бюджет тапшылығын жабу үшін екі халықаралық қаржы институтынан шамамен жарты триллион теңге қарыз алмақ, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Бұл туралы Сенат отырысында Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Бекболат Орынбеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, Қазақстан Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен 62,3 млрд жапон иенін және Халықаралық қайта құру және даму банкінен тағы 92,3 млрд жапон иенін тартпақ.
«Қарыз қаражаты биылға арналған республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыруға мүмкіндік береді. Осылайша 2026 жылға арналған республикалық бюджет аясында мемлекет қабылдаған барлық міндеттемелердің орындалуы қамтамасыз етіледі», — деді Орынбеков.
Екі несие де 11 жыл мерзімге берілді, бес жыл жеңілдікті кезең қарастырылған.
Бұған дейін Қазақстанның үш шетелдік банктен бір миллиард доллардан астам қарыз алатыны хабарланған болатын.


