Өткен аптада отандық танымал кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы Қазақстан ұлттық құрамасының оқу-жаттығу жиынына қосылып, алдағы жекпе-жекке дайындықты қайта бастағанын мәлімдеді.
Жанкүйерлердің есінде болса, 2025 жылдың желтоқсанында Жәнібек WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы ретінде WBA белбеуінің иегері Эрисланди Ларамен кездесуі тиіс еді. Бұл жекпе-жек үш белбеуді біріктіретін аса маңызды айқас саналатын. Алайда кездесу алдында қазақ боксшысының ағзасынан тыйым салынған препарат анықталып, жоспарланған жекпе-жек өтпей қалды.
Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясы бұл жағдайды қасақана әрекет емес, абайсыздық салдары ретінде бағалағанымен, боксшы халықаралық санкциялардан құтыла алмады. Нәтижесінде Жәнібек Әлімханұлы бір жылға кәсіпқой бокстан шеттетілді. Ал 2026 жылдың наурызында IBF ұйымы оны чемпиондық белбеуден айырды. Ұйым өкілдері спортшы міндетті титул қорғауын белгіленген мерзімде өткізе алмайтынын түсіндірді.
Енді Жәнібек рингке тек осы жылдың соңында ғана орала алады. Сәуір айында 33 жасқа толған боксшы өзі айтқандай чемпиондық белбеулерді біріктіріп, тарих жасай ала ма? Оның мансабы енді қалай өрбиді? Қазақстандық жанкүйерлер одан не күтеді? Енді осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көреміз.
Абсолют чемпиондыққа бір қадам қалғанда
Кәсіпқой бокста жеңілістің кермек дәмін татпаған чемпионның тағдырын жеңіліс емес, күтпеген шешім немесе тосын жағдай өзгертіп жіберетініне көз жетті. Қазақтан шыққан тұңғыш абсолютті әлем чемпионы атануға ұмтылып жүрген Жәнібек Әлімханұлы үшін 2025 жылдың соңы дәл сондай аумалы-төкпелі кезеңге айналды.
Оған дейін Жәнібек орта салмақтағы ең қауіпті және ең сұранысқа ие боксшылардың бірі еді. Тіпті, чемпиондыққа басты үміткердің бірі саналды. Қарсылас біткеннің бәрі Жәнібектің аты аталғаннан теріс айналып, түрлі сылтау айтып, онымен жұдырықтаспау үшін тура мағынасында теріс айналып қашатын болды. Соның салдарынан оған лайық қарсылас табу да күрделене түсті. Алайда бәрін бір ғана допинг мәселесі мансабының астан-кестеңін шығарып жіберді.
Америкада алшаң басқан қазақ баласының абырой-беделі жергілікті мамандарға ұнамай қалды ма, әлде Жәнібек шынымен допинг қолданды ма –ол жағы белгісіз. Бірақ әрдайым өзінің таза екенін, таза спортты қолдайтынын айтып жүрген отандасымыз әдейі допинг қолданды деуге сену қиын. Десе де, өткен іс өтті, болары болды, бояуы сіңді. Енді қазір Жәнібектің төңірегінде күмән мен күдікке толы сұрақтар пайда бола бастады. Мамандар қазір оның бұрынғы деңгейіне қайта орала ала ма, төрт чемпиондық белбеуді біріктіру мүмкіндігі сақталды ма деген сұрақты төтесінен қойып, оның алдағы карьерасына алаңдаушылық білдіріп жатыр. Шынымен, Жәнібектің ендігі карьерасы қалай болмақ?
Ең үлкен шығын – уақыт
Көпшілік боксшының чемпиондық белбеуінен айырылуын карьерасындағы ең басты проблема, енді белбеу алатын мүмкіндігі жоқ деп есептейді. Қазіргі қазақ қоғамындағыдай қателіктің, жеңілістің құны ауыр деп ойлайды. Бірақ кәсіпқой бокста олай емес. Мұнда ең құнды ресурс – уақыт.
Қазір Жәнібек 33 жаста. Орта салмақтағы көптеген элиталық боксшылар мансабының ең өнімді кезеңін 30-35 жас аралығында өткізеді. Дәл осы уақытта олар ең үлкен жекпе-жектерге, жоғары гонорарларға және тарихи жетістіктерге қол жеткізеді. Жәнібек те 30 жасында екі белбеуді беліне байлады.
Шекті жас есебін 35 жас деп алсақ, енді Жәнібекте небәрі екі жыл қалды. Бұдан бөлек, Жәнібек допингтен оралған бетте ә дегеннен чемпион боксшылармен жұдырықтаспайды. Допингтен кейінгі алғашқы айқасын желтоқсанда өткізгенімен, 2027 жылы ол небәрі тағы үш кездесуде шаршы алаңға шыға алады. Ол үш айқасты да үш белдіктің иесімен өткізеді дегенге де сенім жоқ.
Америкалық беделді журналист, кәсіпқой бокс сарапшысы Дэн Рафаэль бірнеше рет чемпиондық деңгейдегі спортшылар үшін ұзақ үзіліс нарықтағы құнын, спорттық позициясын әлсірететінін атап өткен. Оның пікірінше, чемпион үшін бір жылдық үзіліс кейде жеңілістен де ауыр болуы мүмкін.
«Кәсіпқой бокста уақыт – қарсыластан да қиын фактор. Белбеуді қорғау, рейтингтегі орынды сақтау, промоутердің қызығушылығын және жанкүйер назарын ұстау – тұрақты жекпе-жекке байланысты. Ұзақ уақыт жекпе-жек өткізбесең, біртіндеп қоғам назарынан да, ірі айқастардан да ығыса бастайсың. Одан бөлек, бокста жаңа есімдер пайда болады, жанкүйердің назары басқа чемпиондарға ауыды. Сондықтан Жәнібек чемпиондық белдіктерді қаласа, бірден үлкен жекпе-жек арқылы өзінің әлі де үздік екенін дәлелдеуі керек. Техникалық тұрғыдан Жәнібек әлі де орта салмақтағы ең қауіпті боксшылардың бірі. Бірақ қазіргі кәсіпқой бокс шеберлікпен өлшенбейді. Спортшы өзінің коммерциялық тартымдылығын, медиадағы ықпалын және чемпиондық амбициясын дәлелдеуге мәжбүр. Сондықтан оның алдағы карьерасы тек өзіне байланысты», – дейді ол.
Допингтен кейін оралған чемпиондар бар ма?
Әрине, дәл қазір Жәнібектің мансабы аяқталды деген қорытынды жасауға ерте. Ол әлі рингке оралған жоқ, жекпе-жек өткізіп, қазіргі спорттық деңгейін көрсеткен жоқ.
Тарихқа көз жүгіртсек, кәсіпқой бокста түрлі дауға, уақытша шеттетуге немесе допинг мәселесіне тап болғанымен, кейін үлкен жетістікке қайта жеткен спортшылар аз емес. Мысалы, мексикалық Сауль «Канело» Альварес 2018 жылы ағзасынан кленбутерол табылғаннан кейін алты айлық дисквалификация алған болатын. Сол кезде көптеген сарапшы оның беделіне орны толмас соққы тиді деп болжаған. Алайда мексикалық боксшы қайта оралып, әлем чемпионы атанды және кәсіпқой бокстағы ең табысты әрі ықпалды спортшылардың біріне айналды.
Тағы бір мысал – Тайсон Фьюри. Британиялық боксшы алдымен допинг мәселесіне тап болып, кейін ұзақ үзіліс пен психологиялық қиындықтармен де күресті. Соған қарамастан кейін үлкен боксқа қайта оралып, ауыр салмақта әлем чемпионы атанды. Кәсіпқой бокс әлемінде мұндай мысалдар өте көп. Осыдан-ақ допинг дауының өзі емес, одан кейінгі әрекет мансап тағдырын анықтайтынын аңғаруға болады. Жоғарыдағы бокс сарапшысы Дэн Рафаэль де дәл осыны меңзеп, барлығы боксшының өзіне байланысты екенін айтып отыр.
Жәнібек төрт белбеуді жинауы мүмкін бе?
Теориялық тұрғыдан – иә. Бірақ іс жүзінде бұл мақсат бұрынғыдан әлдеқайда күрделене түсті. Егер бәрі бастапқы жоспар бойынша өрбігенде, Жәнібек алдымен Ларамен кездесіп, кейін қалған белбеу үшін келіссөз жүргізуге мүмкіндік алатын еді. Қазір жағдай өзгерді.
Қазір IBF белбеуі бос тұр. WBA белдігін әлі Эрисланди Лара сақтап отыр. Ол енді жақын аралықта Жәнібекпен жұдырықтаса қоюы екіталай. WBC тұжырымы бойынша доминикандық Карлос Адамес чемпион. Адаместің де Әлімханұлымен айқасуға ниеті жоқ. Бұдан бөлек, орта салмақта жаңа үміткерлер пайда болып жатқанын ұмытпау қажет. Кейбір боксшылар белдіктерге уақытша чемпиондық үшін жұдырықтасады.
Бұдан бөлек, қазір жаңа әрі жас боксшылар пайда болды. Чемпиондар өз стратегиясын өзгертті. Кейбір боксшылар уақытша чемпиондық бағытқа көшіп жатыр. Соның салдарынан Жәнібек рингке оралған күннің өзінде бірден абсолют чемпиондыққа шығатын жол жоқ. Ең ықтимал сценарий – бірнеше рейтингтік жекпе-жек өткізіп, қайтадан міндетті үміткер мәртебесін алу және содан кейін ғана чемпиондық айқастарға жақындау.
Жәнібек өзінің мансабында бірнеше рет қиын жағдайдан өтті. Әуесқой бокстан кәсіпқойға өткенде де оған тез мүмкіндік берілген жоқ. Кейін қарсылас табу қиын болды. Соған қарамастан ол екі чемпиондық белбеуге дейін жетті. Сондықтан бүгінгі жағдайды соңғы нүкте ретінде қабылдау ерте.
Қазір оның алдында бір ғана жол тұр. Ол – рингке оралып, бұрынғы деңгейін дәлелдеу. Жәнібекте қазір абсолютті әлем чемпионы атану мүмкіндігі бұрынғыдай жоғары емес. Бірақ кәсіпқой бокстың тарихы көрсеткендей, үлкен чемпиондарды көбіне жеңістер емес, дағдарыстан кейінгі оралуы ұлы етеді. Сондықтан Жәнібек үшін ең маңызды жекпе-жек әлі алда болуы мүмкін.
Ернұр ҚОЖАГЕЛДІ


