Алматыда «2025 жылғы Түркі әлемінің жастар астанасы» мәртебесі аясындағы қорытынды іс-шаралар өтті, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Бес күн бойы Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстанның жастар делегациялары түркі мемлекеттері жастары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған білім беру, диалог, экологиялық, еріктілік және мәдени жобаларға қатысты.
Іс-шаралар бағдарламасы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған негізгі басымдықтарға сәйкес әзірленді. Олар цифрландыру және жасанды интеллект, «Заң мен тәртіп» қағидаты, «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы және еріктілік қозғалысты дамыту.
Цифрландыру бағыты аясында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің жастары мен сарапшылары қатысқан халықаралық Digital Turkic Youth форумы өтті. Технологиялық компаниялар мен білім беру ұйымдарының өкілдері жасанды интеллекттің дамуы, цифрлық технология, болашақтың құзыреттері және еңбек нарығындағы өзгерістер жайын талқылады.
Адами капиталды дамыту мәселесіне арналған Kazakhstan–Turkey Psychosocial Support Project халықаралық форумы Қазақстан мен Түркияның сарапшыларын бір алаңға жинады. Қатысушылар жастарға психоәлеуметтік қолдау көрсету, эмоционалдық тұрақтылықты арттыру және дағдарыс жағдайларының алдын алу мәселелерін қарастырды. Сонымен қатар, делегациялар Алматының Төтенше жағдайлар департаментіне барып, күйзеліске төзімділікті арттыру бойынша тәжірибелік тренингке қатысты.
Спорт бағыты бойынша қатысушылар «Қайрат» футбол клубы академиясында жас спортшыларды даярлау жүйесімен танысты.


