2026 жылдың алғашқы үш айында автонесиеге сұраныс айтарлықтай төмендеген. Яғни банктерге 1,2 млн өтінім түскен. Бұл былтырғы бірнші тоқсандағы көрсеткішпен салыстырғанда 11 пайызға аз, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы аналитика орталығының мәліметінше, бұған жоғары пайыздық мөлшерлемелермен, несие беру талаптарының күшеюі және соңғы жылдары қарқынды өскен автонесие нарығының біртіндеп айқындала бастауы себеп болып отыр.
«Өтінімдер санының азаюына байланысты жаңа автонесие беру көлемі 17,7%-ға төмендеп, 397,7 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш бөлшек несие нарығындағы жалпы төмендеуден (-4,4%) айтарлықтай жоғары болып, автонесиелеу сегментіндегі баяулаудың анағұрлым айқын екенін көрсетеді. Сонымен қатар автонесиелердің екінші деңгейлі банктердің бөлшек несиелеу құрылымындағы үлесі де азайып, былтырғы 11,3%-дан 9,7%-ға дейін төмендеді», — делінген мәліметте.
Нарықтағы негізгі өзгерістердің бірі – несиенің қымбаттауы. Бір жыл ішінде автонесиелер бойынша орташа мөлшерлеме 14,8%-дан 24,3%-ға дейін көтерілген. Бұған базалық мөлшерлеменің жоғары деңгейде болуы, банктердің қаржыландыру шығындарының артуы және автосалондардың жеңілдетілген бағдарламаларының азаюы әсер етіп отыр.
Сондай-ақ банктер өтінімдерді мақұлдау көрсеткішін де төмендеткен. Десе де автонесие портфелі өсіп жатыр. Қазіргі уақытта қазақстандықтардың автонесие бойынша жиынтық қарызы 4,1 трлн теңгеге жеткен. Бұл Қазақстандағы барлық бөлшек несие портфелінің 16,3%-ын құрайды.
Сонымен қатар қазақстандықтардың қымбат көліктерге де қызығушылығы артып келеді. Соңғы бір жылда 10 млн теңгеден жоғары автонесиелердің үлесі 32,3%-дан 37,1%-ға дейін жоғарылаған.

