Туризм және спорт министрлігі Байқоңыр кешенінің туристік әлеуетін дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
ҚР Премьер-Министрінің тапсырмасымен Байқоңыр кешенінде туризмді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. Құжат халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті туристік өнім қалыптастыруға және саланың тұрақты дамуына қажетті жағдай жасауға бағытталған.
Тұжырымдаманы іске асыру аясында шетелдік туристер үшін рұқсат беру рәсімдері жеңілдетілді. Қазіргі таңда қажетті құжаттарды рәсімдеу мерзімі 10 күнге дейін қысқартылды. Бұл кешеннің шетелдік қонақтар үшін қолжетімділігін арттырып, ғарыш аппараттарының ұшырылымдарын тамашалауға арналған туристік бағдарламалардың дамуына серпін береді.
Туризмді дамытуға Қазақстанның қарамағына бірқатар нысанның берілуі де жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Олардың қатарында Гагарин ұшу алаңы, монтаждау-жанармай құю кешені және динамикалық сынақтар стенді бар.
Аталған нысандардың туристік әлеуеті жоғары. Олар ғылымға, технологияға және ғарыш тарихына қызығатын әлемнің түкпір-түкпірінен келетін саяхатшылар үшін маңызды тартымдылық орталығына айнала алады.

