Қазақстанда жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық істерді негізінен әйел тергеушілер жүргізетін болады. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Оның сөзінше, мұндай шешім жәбірленушілердің психологиялық жағдайын ескеріп қабылданған. Әйел тергеушілермен жұмыс істеу зардап шеккен азаматтардың қосымша күйзеліске ұшырамауына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ вице-министр Қылмыстық кодекстің «Некеге мәжбүрлеу» туралы жаңа 125-1-бабына түсініктеме берді. Оның айтуынша, бұл бап бойынша жәбірленуші ретінде әйел де, ер адам да танылуы мүмкін. Алайда қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін қорқыту, күш қолдану немесе мәжбүрлеу фактілері дәлелденуі қажет. Егер мұндай белгілер анықталмаса, мәселе азаматтық-құқықтық тәртіпте қаралады.
Бұдан бөлек, Санжар Әділов сталкингке қатысты заңнаманы күшейту мәселесі де қаралып жатқанын айтты. Мәжілісте қазір бұл құқық бұзушылық бойынша қайталанушылық белгісін енгізу ұсынысы талқыланып жатыр. Бастама жаза өтегеннен кейін де жәбірленушілерін қудалауды тоқтатпаған тұлғаларға қатысты жағдайлардан кейін көтерілген болатын.


