Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты синтетикалық есірткі заттарын өндірумен және өткізумен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрамындағы 7 шетел азаматына қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Облыс прокуратурасының уйлестіруімен полиция қызметкерлері 3 жасырын есірткі зертханасын анықтады. Тінту барысында заңсыз айналымнан 90 кг астам дайын синтетикалық психотроптық заттар, 1 тоннадан астам прекурсорлар мен химиялық компоненттер, сондай-ақ оларды дайындауға арналған құрал-жабдықтар тәркіленді.
Мамандардың бағалауынша, тәркіленген заттардың «қара нарықтағы» құны 1,5 млрд теңгеден асады.
Сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың кінәсін толық дәлелдейтін бұлтартпас айғақтарды ұсынды. Қылмыстық іс құжаттарын жан-жақты зерттеу нәтижесінде сот оларға 19 жылдан 20 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар, сотталғандарға тиесілі 3 тұрғын үй мен автокөліктер мемлекет кірісіне тәркіленді.

