Бүгін елордада Astana Half Marathon жартылай марафоны бесінші рет мерейтойлық форматта өтеді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.
Астана әкімдігінің мәліметінше, «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры ұйымдастыратын ірі жүгіру жарысына әлемнің 30-дан астам елінен 7 мыңға жуық желаяқ қатысады.
Жарыс бағыты елорданың негізгі сәулеттік нысандары мен көрікті жерлерін қамтиды. Қатысушылар жарысты «Қазақ елі» монументі жанындағы Тәуелсіздік алаңынан бастайды.
Дәстүр бойынша жарыс 21,1 шақырымдық жартылай марафон, 10 шақырымдық жүгіру, 10 шақырымдық скандинавиялық жүріс және «Экиден» командалық эстафетасы бойынша өтеді.
Белгіленген уақыт ішінде қашықтықты толық бағындырған барлық қатысушыға арнайы мәре медалі табысталады.


