Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстаннан Қырғызстанға АИ-92 бензинін заңсыз тасымалдаумен айналысқан топқа қатысты тергеуді аяқтады. Тергеу мәліметінше, қылмыстық схемаға тоғыз адам қатысқан, деп хабарлайды Sayasatlive.kz Jasalash.kz-ке сілтеп.
Күдіктілер мұнай өнімдерін сатып алу және шетелге жөнелту үшін 12 компания құрған. Заңсыз әрекетті жасыру мақсатында олар бензинді өңдеп жатқандай көрсетіп, екі шағын мұнай өңдеу зауытының мүмкіндіктерін пайдаланған.
Алайда тергеу барысында жанармайдың ешқандай өңдеусіз теміржол цистерналарына құйылып, Қырғызстанға жөнелтілгені анықталған. Құқық қорғау органдары «Түрксіб» станциясында құны 138 миллион теңгеге бағаланған 500 тоннаға жуық бензин тиелген сегіз цистернаны тоқтатты.
ҚМА мәліметінше, заңсыз айналымның жалпы көлемі 37,2 миллиард теңгеден асқан. Қазіргі таңда қылмыстық іс материалдары сотқа жолданды.


