Алматы қаласында орналасқан, құны 1,3 млрд теңгеге бағаланған жылжымайтын мүлік мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.
Бас прокуратураның мәліметінше, бұрын «Қазақ энциклопедиясы» редакциясына тиесілі болған нысан 2015 жылы заңсыз түрде жекеменшікке өтіп кеткен. Прокуратура жекешелендіру келісімін жарамсыз деп тануды сұрап сотқа жүгінген.
Іс кассациялық сатыда қаралып, сот қадағалау органының талабын толық қанағаттандырды. Нәтижесінде Алматының Әуезов ауданындағы жер аумағы 2 мың шаршы метрден асатын ғимарат мемлекет балансына қайтарылды.
Аталған нысан бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты істердің бірі ретінде аталып келеді. Бас прокуратура мемлекет активтерін қайтару жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді.


