7 маусымда Алматыдағы Абай алаңында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен заманауи этникалық музыкаға арналған халықаралық The Spirit of Tengri фестивалі өтеді. Бұл – Орталық Азиядағы world music және ethno fusion бағыттарындағы ең ірі ашық аспан астындағы музыкалық фестивальдердің бірі, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.
Фестиваль Қазақстан Республикасының Іс-шаралар күнтізбесіндегі негізгі мәдени жобалардың қатарына кіреді және Туризм және спорт министрлігі бекіткен 2026 жылғы туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген. Бұл оның еліміздің туристік әлеуетін насихаттаудағы маңызды орнын айқындайды.
Фестивальдің арнайы қонағы — Andru Donalds. Оның Enigma жобасы құрамында орындаған композициялары әлемдік деңгейде мойындалып, бірнеше буын тыңдарманның музыкалық мұрасына айналған.
The Spirit of Tengri фестивалі жыл сайын әртүрлі елдерден келген өнерпаздарды бір сахнада тоғыстырады. Олар этникалық музыканың заманауи бағыттарын, соның ішінде world music, ethno fusion және дәстүрлі әуендерді заманауи музыкалық технологиялармен ұштастыратын эксперименттік жанрларды ұсынады. Осы жылдар ішінде жоба мәдени байланыстарды нығайтуға және этникалық музыка өнерін халықаралық деңгейде танытуға ықпал ететін маңызды алаңға айналды.
Фестиваль аумағында Ethno Market жәрмеңкесі, фудкорт, демалыс аймақтары, сондай-ақ интерактивті және серіктестік алаңдар ұйымдастырылады. Фестиваль алаңының жұмысы сағат 12:00-де ашылып, кешкі музыкалық бағдарлама 18:00-де басталады.


