Енді сотталған адам бір жыл бойы тәртіп бұзбаса, жазасы жеңілдеуі мүмкін, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.
Нақтырақ айтқанда, өтелмеген жаза мерзімі сот шешімімен бір айға қысқарады. Бірақ бұл ереже түрмедегілердің бәріне бірдей қолданылмайды.
Сенат Қылмыстық, Әкімшілік және Іс жүргізу кодекстеріне енгізілген түзетулерді мақұлдады. Құжатта қауіпсіздігі орташа және жоғары мекемелердегі әйелдердің туыстарымен, балаларымен кездесу мүмкіндігі артады. Кәмелетке толмаған баласы бар аналар мен жалғызбасты әкелер үшін балаларымен телефон арқылы сөйлесу мүмкіндігі берілмек.
Қауіпсіздігі төмен мекемелерде жазасын өтеп жатқандар балаларымен кездесу үшін жылына екі рет түрме аумағынан тыс жерге қысқа мерзімге шығуға рұқсат беріледі.
Тағы бір маңызды өзгеріс — түрмедегі жүкті әйелдер енді колония ішінде емес, кәдімгі қалалық немесе аудандық перзентханада босана алады. Баланың туу туралы куәлігінде оның түрмеде туғаны туралы ешқандай ақпарат жазылмайды.


