Қазақстанда жалған жұмыс арқылы әлеуметтік төлем алғандарға қатысты ауқымды заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.
Осындай жалған еңбек шартын 4,4 мыңнан астам қазақстандық рәсімдеген. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) төлемдерді тағайындау үшін ұсынылатын мәліметтердің дұрыстығына мониторинг жүргізген. Талдау нәтижесінде 13 өңірде жалған еңбек қатынастарын рәсімдеу фактілері бойынша 38 қылмыстық іс қозғалды.
«Деректер базасын талдау нәтижесінде 258 кәсіпкерлік субъектісі 4,4 мыңнан астам азаматқа заңсыз әлеуметтік төлем алу мақсатында жалған еңбек қатынастарына барғаны анықталды. Қазіргі таңда тоғыз қылмыстық іс бойынша сот үкімдері шығып, айыптау шешімдері қабылданды» деп жазылған хабарламада.
Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және басқа да облыстарда заңсыз схема ұйымдастырған 12 адамды сот кінәлі деп таныды. Олар 3 жылдан 5 жылға дейін сотталды.


