Жетісу облысында құмар ойын ойнаған шенеунік қызметінен қуылды

Жетісу облысында мемлекеттік қызметкер құмар ойындарға қатысқаны үшін жұмыстан босатылды. Бұл факт прокуратура жүргізген тексеру барысында анықталған, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.

Ақсу ауданы прокуратурасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуына талдау жүргізу кезінде мемлекеттік орган қызметкерінің заңмен тыйым салынған әрекетке барғанын әшкерелеген. Атап айтқанда, шенеуніктің құмар ойындарға қатысқаны белгілі болған.

Прокуратура мәліметінше, мұндай әрекет мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін өрескел тәртіптік теріс қылық ретінде бағаланған. Соның нәтижесінде қызметкер атқарып отырған лауазымынан босатылды.

Қадағалау органы мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормалары мен заң талаптарын қатаң сақтауы маңызды екенін еске салды. Прокуратура өкілдерінің айтуынша, қоғам сеніміне ие мемлекеттік қызметкерлердің әрекеті заң мен жауапкершілік талаптарына толық сай болуы тиіс.

Ұқсас ақпараттар