Шығыс Қазақстан облысында прокурорлар мемлекеттік сатып алу саласындағы заң бұзушылықтарды анықтап, бюджет қаржысының негізсіз жұмсалуына жол бермеді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.
Әсіресе Ұлан ауданындағы бірнеше ауылдық округ әкімдіктерінің әрекеті назарға ілінген.
Тексеру барысында бес ауыл әкімдігі 2026 жылға арналған сатып алу жоспарына балалар және спорт алаңдарын абаттандыру жобаларын енгізгені белгілі болды. Жалпы құны 44 млн теңгеге бағаланған бұл жұмыстар құжатта «ағымдағы жөндеу» деп көрсетілген. Алайда сметалық құжаттарды зерттеу кезінде шын мәнінде жаңа нысандар салу жоспарланғаны анықталған.
Прокурорлардың мәліметінше, жобаларда бетон төсеу, арнайы негіз дайындау және жаңа ойын кешендерін орнату қарастырылған. Мұндай жұмыстар заң бойынша міндетті түрде жобалық-сметалық құжаттама мен мемлекеттік сараптамадан өтуі тиіс болған. Бірақ әкімдіктер бұл талаптарды орындамаған.
Сонымен қатар тағы бір әкімдікте мемлекеттік сатып алу лоттарын әдейі бөліп көрсету дерегі анықталған. Осылайша шенеуніктер белгіленген шекті сомадан аспай, мердігерлерді өздері таңдауға мүмкіндік алмақ болған. Бөлшектелген лоттардың жалпы сомасы 45,1 млн теңгені құраған.
Прокуратураның араласуынан кейін барлық күмәнді жобалар сатып алу жоспарынан алынып тасталды. Құжаттар заң талаптарына толық сәйкестендірілгеннен кейін ғана қайта қаралатыны айтылды. Нәтижесінде мемлекет қаржысынан 90 млн теңгеден астам қаражаттың негізсіз жұмсалуына тосқауыл қойылды.
