Ішкі істер министрлігі жазғы демалыс қарсаңында оқушылар мен студенттерді интернеттегі күмәнді жұмыс ұсыныстарынан сақ болуға шақырды, деп хабарлайды sayasatlive.kz.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, каникул кезінде әлеуметтік желілерде тез әрі оңай табыс табуды ұсынатын жарнамалар көбейеді. Алайда мұндай «тартымды» бастамалардың артында есірткі тасымалдау, тарату немесе оны жарнамалау сияқты ауыр қылмыстар жасырынып жатуы мүмкін. Сондықтан жастарға кез келген жұмыс ұсынысына салқынқандылықпен қарап, заңсыз әрекеттерден бойын аулақ ұстау кеңес беріледі.
Егер сізге күмәнді жұмыс ұсынылса, бірден бас тартыңыз. Жылдам табыс иллюзиясы үшін басыңызды қатерге тікпеңіз. Саналы таңдау жасағаныңыз абзал. Еркіндік ақшадан қымбат. Ал болашақ уақытша пайдадан маңызды, — деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.
Еске салайық, есірткіге қатысты қылмыстар үшін елімізде жауапкершілік 16 жастан басталады. Заңды белшесінен басқандар үшін ең ауыр жаза — өмір бойына бас бостандығынан айыру.
