Шымкентте білім беру саласына бөлінген бюджет қаражатын ірі көлемде ұрлау фактісі бойынша тергеу аяқталды деп хабарлайды sayasatlive.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Тергеу мәліметінше, «Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі» мен «Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжінің» құрылтайшысы жалған оқыту жүйесін ұйымдастырған. Бұл топтың құрамында колледж басшылары, бухгалтерлер және өзге де сыбайластар бар боп шықты. Олар студенттерді оқу орындарына тек қағаз жүзінде қабылдап, мемлекеттік тапсырыс пен кадрларды қайта даярлау бағдарламалары аясында бюджеттен заңсыз қаржы алып отырған. Шын мәнінде білім алмаған «студенттер» арқылы миллиондаған теңге қолды болды.
Қылмыстық механизмді жүзеге асыру үшін ЭЦҚ кілттері заңсыз қолданылып, жұмысқа қабылдау туралы жалған бұйрықтар мен орындалған жұмыс актілері үздіксіз толтырылған. Сонымен қатар медициналық колледжде ақылы негізде оқитындарды мемлекет есебінен білім алушы ретінде рәсімдеген деректер де анықталды. Ал гуманитарлық-қаржы колледжі іс жүзінде мүлдем жұмыс істемеген, ол тек бюджет қаражатын иемдену үшін құрылған формалды нысан болып шықты.
Ең сорақысы — бұл схеманың басында тұрған адам бұған дейінгі қылмысы үшін түрмеде отырса да, заңсыз әрекеттерді сол жерден басқарып келген. Бес жыл ішінде мемлекетке келтірілген шығын 1,3 миллиард теңгеден асып жығылады. Қазіргі таңда күдіктілер залалдың тек 65 миллион теңгесін ерікті түрде қайтарды.
Сот санкциясымен Дубай қаласындағы пәтерді қоса алғанда, 3 пәтерге, 3 үйге және 3 автокөлікке тыйым салынды. Екі күдікті қамауға алынса, тағы үшеуі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүр. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

