Дюшенн бұлшықет дистрофиясын емдеуге арналған дәрілік заттарды бес жыл бойы еліміздің медициналық ұйымдарына жеткізіп келген «Интерфармсервис» ЖШС-не қатысты тергеу аяқталды деп хабарлайды sayasatlive.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Анықталғандай, компания басшылығы Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген өздеріне бағынысты кәсіпорын арқылы жалған мәмілелер жасап, препараттардың бағасын жасанды түрде өсіріп отырған. Осы схема арқылы мемлекетке 3,7 миллиард теңге көлемінде мүліктік залал келтірілгені белгілі болды.
Сонымен қатар, серіктестік басшылығы салықтан жалтару үшін түрлі жеке кәсіпкерлермен жалған шот-фактуралар рәсімдеп, 4 миллиард теңгеден астам қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған. Бұл ретте төленбеген салық көлемі 637 миллион теңгеден асады.
Заңсыз жолмен келген табысқа кәсіпкерлер 32 пәтер, 11 автокөлік және 8 тұрғын үй сатып алып үлгерген. Қазіргі таңда бұл мүліктердің барлығына тыйым салынды. Іс бойынша екі күдікті үйқамаққа алынса, үшіншісі кепілмен босатылды. Қазіргі уақытта тараптар қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр.
Еске салайық, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жариялауға жатпайды.

