Жыл басынан бері елімізде заңсыз айналымда жүрген 900-ден астам қару тәркіленді, оның ішінде қаңтар оқиғасы кезінде қолды болған 74 қару бар деп хабарлайды sayasatlive.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігі құқықтық тәртіпті нығайту мақсатында заңсыз арсеналды құрықтау шараларын үдетіп жатыр. Мәселен, Алматыдағы Сайран көлінің жағасынан қаңтарда қару-жарақ дүкенінен ұрланған қару табылды. Бұл олжа сәуір айының соңында өткен «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасының екінші кезеңі барысында анықталған. Тек осы үш күннің ішінде полицейлер 67 атыс қаруы мен 200-ден астам оқ-дәріні қолға түсірді.
Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов заңсыз сақталған қаруды өз еркімен тапсырғандар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын ескертті. Ведомство өкілі азаматтарды қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге атсалысуға шақырды.
Еске салайық, жыл басынан бері тәртіп сақшылары айналымнан 4 мыңнан астам оқ-дәрі тәркілеген болатын.
