Шампан атып, трендтегі видео түсірген блогерлер жазалануы мүмкін

Астана қалалық полиция департаменті қоғамдық орындарда шампан атып, трендтегі видео түсірген қазақстандықтардың жауапкершілікке тартылатынын қатаң ескертті деп хабарлайды sayasatlive.kz.

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде көшеде шампан атып, «эстетикалық» контент жасауды әдетке айналдырған қыздардың видеосы жиілеп кеткен. Негізінен бұл тренд әлемде осыдан екі жыл бұрын пайда болғанымен, елімізде енді ғана белең алып отыр. Алайда тәртіп сақшылары мұндай «лайк» қуудың соңы жаңа оқырмандар емес, әкімшілік жазаға әкелетінін айтады.

Елордалық департаменттің мәліметінше, қазірдің өзінде осындай әрекеті үшін екі астаналық жауапқа тартылған. Оның бірі «Бәйтерек» монументінің жанында ішімдік бөтелкесін ашып, айналаны ластаса, екіншісі қоғамдық орында сусынды әдейі төгіп, тазалық нормаларын бұзған. Екі жағдай бойынша да материалдар сотқа жолданды.

Полиция қызметкерлері мұндай әрекеттер заң бұзушылық қана емес, айналадағы адамдарға және қала тазалығына жауапты коммуналдық қызметкерлердің еңбегіне деген құрметсіздік екенін баса айтты.

Еске салайық, бұған дейін де қоғамдық орындарда тиісті нормаларды сақтамаған бірқатар вайнерлер мен блогерлер ұсақ бұзақылық бабы бойынша жазаланған болатын. Құқық қорғау органдары азаматтарды контент түсіру кезінде заң шеңберінен шықпауға шақырады.

Ұқсас ақпараттар