Қазақстан Ұлттық Банкі «Спорт» сериясы аясында FIFA WORLD CUP 2026 коллекциялық монеталарын айналысқа шығарады. Бұл туралы sayasatlive.kz ҚҰБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңа монеталардың сатылымға шығатын күні жақын арада Ұлттық Банктің ресми сайтында жарияланбақ. Бұл жоба 2026 жылғы әлем чемпионатының ресми лицензиясына ие немістің MDM нумизматикалық компаниясымен бірлесіп дайындалған. Айта кетейік, футбол тарихындағы ХХІІІ чемпионат тұңғыш рет үш елде қатар өтеді және оған 48 құрама қатысады деп жоспарлануда.
Монетаның дизайны ерекше: реверсінің жоғарғы жағында жарысты қабылдайтын Канада, АҚШ және Мексиканың жалаулары бейнеленген. Ортасында жер шарының кескіні мен «FIFA WORLD CUP 26 TM» жазуы орналасса, төменгі бөлігінде Әлем кубогы мен футболшылардың бейнесі көрініс тапқан.
Техникалық сипаттамасына тоқталсақ, монета 925 сынамалы күмістен соғылып, бетіне алтын жалатылған. Салмағы — 20 грамм, номиналы — 1000 теңге. Жалпы таралымы небәрі 2000 данамен шектелген: оның 1500-і ел ішінде, ал қалған 500-і шетелдік нарыққа сатылымға шығады.
Еске салайық, коллекциялық монеталар Қазақстанның барлық аумағында төлем құралы ретінде қабылдана береді. Сондай-ақ оларды банк шоттарына есептетіп, кез келген банкте айырбастауға немесе ұсақтауға болады. Монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған.



