ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев атақты жиһанкез, туризм саласының үздігі Сәрсенбай Қотырашовқа «Құрметті спорт қызметкері» атағын табыстады деп хабарлайды sayasatlive.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тәжірибелі саяхатшы Сәрсенбай Қотырашов осыған дейін таңдай қақтырарлық бірнеше сапарды артқа тастады. Ол 2022 жылы 72 жасында еліміздің 17 облысын жаяу аралап, 8 мың шақырым жолды еңсерген болатын. Осы ерен еңбегі үшін отандық КИнЭС рекордтар кітабына енді.
Кейінгі жылдары да ақсақал қарап отырмай, халықаралық деңгейдегі жаяу саяхаттарын жалғастырды. Мәселен, 2023 жылы Атыраудан шығып, Кавказ өңірі мен Грузия арқылы Түркияның Стамбул қаласына дейін жаяу жеткен. Ал 2024 жылы Өскеменнен бастап Алтай мен Моңғолияны басып өтіп, Бейжіңге табан тіреді.
76 жастағы жиһанкез биылғы сапарын 3 наурызда бастап, Сербия, Мажарстан, Аустрия, Германия және Франция елдерін жаяу жүріп өтті. Жуырда ғана елге оралған саяхатшының бұл қадамы салауатты өмір салтын насихаттаудың үздік үлгісіне айналып отыр.


