Шымкентте мобильді қосымша арқылы жасырын интернет-казино ұйымдастырған қылмыстық топтың жолы кесілді, деп хабарлайды sayasatlive.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Қала тұрғыны «Техас холдем» покер ойынына негізделген «Vendetta» және «AMG600L» атты клубтар құрып, оларды «Nomad» желісіне біріктірген. Тәулік бойы жұмыс істеген бұл виртуалды ойын алаңдары тек Қазақстан емес, Өзбекстан мен Қырғызстанның да ойыншыларын қамтыған. Клиент жинау үшін ұйымдастырушылар мессенджерлер арқылы жарнама таратып, түрлі бонустар ұсынып отырған.
Тергеу мәліметінше, ойыншылар ақшаны банк шоттарына аударып, орнына виртуалды «фишкалар» алған. Ұйымдастырушылар әр ойын үстелінен 3-5% көлемінде комиссия алып, тұрақты табыс тауып отырған. Қаржы ағынын жасыру үшін шетел азаматтарының шоттары пайдаланылған, ал ол шоттарды бергендерге 100-200 мың теңге сыйақы төленген. Анықталған шоттардағы жалпы ақша айналымы 557 миллион теңгеден асқан.
Тінту кезінде күдіктінің үйінен есірткі заты да табылды. Қазір екі адам үйқамаққа алынып, іс сотқа жолданды. Мамандардың айтуынша, бұл казинода кейбір ойыншылар 30 миллион теңгеге дейін ұтылған.
Еске салайық, бұған дейін елімізде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғандарға қатысты жауапкершілік күшейтілген болатын. ҚМА заңсыз құмар ойындарға қатысу үлкен қаржылық тәуекелдер мен психологиялық тәуелділікке әкелетінін ескертеді.


