Қазақстандық хоккейшілер әлем чемпионатында қатарынан үшінші рет жеңіске жетті

Шайбалы хоккейден Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Польшада өтіп жатқан әлем чемпионатында кезекті жеңісіне қол жеткізіп, турнир кестесінде жеке-дара көш бастады деп хабарлайды sayasatlive.kz.

Крыница-Здруй қаласындағы бәсекеде отандық спортшылар IA дивизионында элиталы топқа жолдама алу үшін бақ сынап жатыр. Максим Худяков бастаған жасөспірімдер Украина құрамасына қарсы өткен үшінші турда нағыз мінез көрсетті. Ойынның 25-минутына дейін есеп 0:3 болып, жерлестеріміз ұтылып жатқан еді. Алайда қазақстандық хоккейшілер жігер танытып, қарсылас қақпасына жауапсыз бес шайба соқты. Тартысты өткен кездесу 5:3 есебімен отандастарымыздың пайдасына шешілді.

Бұған дейінгі матчтарда құрамамыз Мажарстанды 5:2 есебімен жеңсе, айдын иелері Польшаны 10:2 етіп ойсырата ұтқан болатын. Қазіргі таңда Қазақстан қоржынында 9 ұпай бар. Ендігі маңызды кездесу ертең, 23 сәуір күні елорда уақытымен сағат 15:30-да Швейцарияға қарсы өтеді. Ал топтық кезеңнің соңғы ойыны 24 сәуірде Словениямен жоспарланған.

Еске салайық, турнир қорытындысы бойынша бірінші орын иеленген команда элиталы дивизионға жолдама алады.

Ұқсас ақпараттар