20–26 сәуір аралығында қазақстандық спортшылар халықаралық және республикалық деңгейдегі бірқатар маңызды жарыстарда ел намысын қорғайды, деп хабарлайды sayasatlive.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Алдағы аптаның басты додаларының бірі Бразилияда өтеді. Фос-ду-Игуасу қаласында бокстан әйелдер арасындағы World Boxing Cup турнирінде Қазақстан құрамасынан 6 спортшы бақ сынайды.
Сонымен қатар Мальтада су добынан әлем кубогы, Қытайда байдарка және каноэ есуден Азия чемпионаты, ал Испанияда Karate1 Series A халықаралық турнирі өтеді.
Малайзиядағы велотректен әлем кубогы кезеңінде де отандық велошабандоздар өнер көрсетеді деп жоспарланған.
Ел ішінде де ірі жарыстар толассыз өтпек. Щучинск қаласында тоғызқұмалақтан Қазақстан чемпионаты өтіп, оған 200-ге жуық спортшы қатысады. Ал Семейде қазақ күресінен жастар арасындағы ел біріншілігінде 300-ге жуық жас балуан күш сынасады.
































