Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, көрнекті ақын әрі қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов 84 жасына қараған шағында өмірден озды, деп хабарлайды sayasatlive.kz.
Қайғылы хабарды Мәдениет және ақпарат министрлігі ресми түрде растады. Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданында дүниеге келген. Ол еңбек жолын трактор тіркеушісі болып бастап, кейін журналистика мен әдебиет саласында өнімді еңбек етті. Әр жылдары «Оңтүстік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерінде, «Жалын» журналында қызмет атқарып, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы болды.
Ақын шығармашылықпен қатар мемлекеттік істерге де белсене араласты. КСРО және Қазақстанның халық депутаты, Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты қызметтерін атқарды. Оның қаламынан туған «Махаббат заңы», «Сенім патшалығы», «Сократты еске алу түні» секілді драмалық туындылары мен ондаған өлең жинақтары қазақ әдебиетінің алтын қорына енді. Сондай-ақ «Жұбайлар жыры», «Гүл дәурен», «Мен саған ғашық едім» сияқты кең таралған әндердің авторы.
Мұхтар Шахановтың еңбегі халықаралық деңгейде де жоғары бағаланды. Ол А.Эйнштейн атындағы алтын медальдің, «Нобельдің Алтын медалінің» иегері және «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» атағының иегері болды.
Еске салайық, Мұхтар Шаханов 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының ақиқатын ашуда және Арал теңізін құтқару мәселелерін көтеруде айрықша қайсарлық танытқан тұлға. Ол «Жазагер жады космоформуласы», «Өркениеттің адасуы» секілді философиялық терең шығармалары арқылы адамзаттық құндылықтарды насихаттады. Ақынның балладалары мен поэмалары әлемнің 20-дан астам тіліне аударылған.
































