Қалтаны қағатын ем: дәрігер мен дәріге қазақстандықтар қанша жұмсайды?

Қазақстанда медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмек құны жыл санап өсіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша, орта есеппен бір отбасы денсаулығын сақтауға 117,9 мың теңге жұмсаған. Бұл көрсеткіш 2011 жылмен салыстырғанда (30,1 мың тг) 4 есе артық, деп хабарлайды sayasatlive.kz.

Соңғы бір жылда денсаулық сақтау саласындағы баға 16% өсті. Әсіресе, стационарда (ауруханада) жатып емделу құны бірден 27%-ға қымбаттаған. Салыстырмалы түрде:

  • Амбулаториялық қызметтер: +13,1%;

  • Дәрі-дәрмек пен медициналық аппараттар: +16,1% қымбаттады.

Қазіргі таңда қарапайым УЗИ-ге түсу орта есеппен 7,7 мың теңге, ал қан тапсыру 2,7 мың теңгеге шығады. Санаторийде демалудың бір күндік құны 23,2 мың теңге.

Қызмет пе, әлде дәрі ме?

Соңғы алты жылда алғаш рет қазақстандықтардың дәрі сатып алуға қарағанда, дәрігер көмегі мен емдеу процедураларына көбірек ақша жұмсағаны байқалды. Шығынның басым бөлігі стоматология (орта есеппен 30,2 мың тг) мен ауруханада емделуге кетеді.

Қай өңірлер емге көп жұмсайды?

Ем-домға ең көп шығындалатындар — Қарағанды облысы (178,5 мың тг) мен Алматы қаласының (171,5 мың тг) тұрғындары. Ал ең үнемді немесе медициналық қызметі арзан өңірлер — Шымкент (63,5 мың тг) пен Жетісу облысы (76,9 мың тг).

Ауылдық жерлерде шығын көлемі қалаға қарағанда аздау болғанымен, өсу қарқыны (14,5%) қаланы (8,5%) басып озды. Бұл ауылдағы медицина бағасының тез қымбаттап жатқанын көрсетеді.

Әлемдік деңгейдегі орынымыз

Numbeo рейтингі бойынша, 2026 жылы Қазақстан медицина сапасы мен қолжетімділігі жағынан 60-орынға жайғасты. Біз бұл тізімде Ресеймен деңгейлес болғанымызбен, Тайвань мен Оңтүстік Корея сияқты медицинасы дамыған елдерден едәуір арттамыз.

Халықтың медицинаға жұмсайтын шығынының артуына сапаның жақсаруы емес, көбіне инфляция мен бағаның қымбаттауы басты себеп болып отыр.

Дереккөз: finprom.kz

Ұқсас ақпараттар