Биылдан бастап спорт мектептерін қаржыландыру екі есе артады

Мемлекет басшысы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне көшіруді көздейтін заңға қол қойды, деп хабарлайды sayasatlive.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Жаңа жүйе бойынша енді бір спортшыға жылына шамамен 415 мың теңге бөлінетін болады. Бұған дейін бұл көрсеткіш 233 мың теңге көлемінде болатын. Бұл өзгеріс 2026 жылдан бастап күшіне енбек.

Сондай-ақ заң аясында біліктілігін растаған жаттықтырушылардың еңбекақысын 30 пайызға арттыру көзделген. Саланы дамыту үшін 2028 жылға дейін мемлекет қазынасынан 74 миллиард теңге бағыттау жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда еліміздегі 526 спорт мектебінде 400 мыңға жуық бала жаттығады. Сонымен қатар өңірлерде спорттық инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары да жүріп жатыр. Мәселен, Атырау облысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында дарынды спортшыларға арналған заманауи мектеп-интернат бой көтеруде.

Еске салайық, бұған дейін Үкімет бұқаралық спортты дамыту және балалардың спорттық секцияларға қолжетімділігін арттыру бойынша бірқатар тапсырмалар берген болатын.

Ұқсас ақпараттар