Осы аптада, яғни 13-19 сәуір аралығында отандық спортшылар әлемнің түкпір-түкпірінде өтетін маңызды халықаралық жарыстарға қатысады. Спорттық додалардың тізімі мен кестесі белгілі болды деп хабарлайды sayasatlive.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Алдағы күндері жанкүйерлерді таеквондо, дзюдо, күрес және шахмат секілді спорт түрлерінен қызықты бәсекелер күтіп тұр. Мәселен, Испанияның Аликанте қаласында таеквондодан кадеттер арасында турнир өтсе, Сербияда шахматтан жастар мен кадеттер арасындағы әлем біріншілігі басталады. Бұл додада еліміздің намысын 53 бірдей спортшы қорғамақ.
Сондай-ақ, дзюдошыларымыз Қытайда өтетін Азия чемпионатында күш сынасса, Түркия бозалаңында 16 балуанымыз белдеседі. Велотрек пен көркем гимнастикадан Әлем кубогі кезеңдері де осы аптаның еншісінде.
Жарыстардың толық кестесі:
15-19 сәуір: Таеквондодан кадеттер арасындағы халықаралық турнир (Испания, Аликанте);
15-21 сәуір: Шахматтан жастар мен кадеттер арасындағы әлем чемпионаты (Сербия, Врнячка-Баня);
16-19 сәуір: Дзюдодан Азия чемпионаты (Қытай, Ордос);
16-20 сәуір: Күрес түрлерінен жастар арасындағы халықаралық турнир (Түркия, Анталья);
17-19 сәуір: Велотректен Әлем кубогі (Гонконг);
17-19 сәуір: Көркем гимнастикадан Әлем кубогі (Әзербайжан, Баку);
17-19 сәуір: Семсерлесуден «Гран-при» турнирі (Мажарстан, Будапешт);
18-24 сәуір: Шайбалы хоккейден жасөспірімдер (U-18) арасындағы әлем чемпионаты (Польша, Крыница-Здруй);
19 сәуір: WT таеквондодан «Spanish Open» жарысы (Испания, Аликанте).
Айта кетейік, шайбалы хоккейден Қазақстан жасөспірімдер құрамасы (U-18) Польша мұзында IA дивизионындағы әлем чемпионатында бақ сынайды. Мамандардың айтуынша, бұл апта отандық спортшылар үшін Олимпиада алдындағы маңызды дайындық әрі рейтингілік ұпай жинау кезеңі болмақ.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан құрамасы бірқатар халықаралық додаларда жүлделі орындардан көрінген болатын.
































