Қазақстандағы жеке кәсіпкерлік: әйелдер ерлерді ығыстыра бастады

Қазақстанда бизнес тізгінін ұстаған әйелдердің саны ерлерден асып түсті. Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы 1 наурыздағы мәліметіне сүйенсек, елдегі жеке кәсіпкерлердің жартысынан астамы — нәзік жандылар деп хабарлайды sayasatlive.kz.

Нақты деректерге сәйкес, бүгінде республика бойынша 1 795,6 мың жеке кәсіпкер тіркелген. Соның ішінде әйелдердің үлесі 50,4 пайызға жетіп отыр. Сондай-ақ бизнестегі жастардың белсенділігі де жоғары: тіркелген кәсіпкерлердің 39,1 пайызы — 35 жасқа дейінгі азаматтар.

Салалық бөлініс бойынша кәсіпкерлер негізінен мына салаларда шоғырланған:

  • Көтерме және бөлшек сауда — 667 мың бірлік;

  • Өзге де қызмет көрсету түрлері — 258,2 мың бірлік;

  • Ауыл, орман және балық шаруашылығы — 249 мың бірлік.

Ал мемлекеттік басқару саласында кәсіпкерлікпен айналысатындар ең аз — бар болғаны 151 адам тіркелген.

Географиялық тұрғыдан алсақ, кәсіпкерлердің негізгі бөлігі (35,5%) республикалық маңызы бар қалаларда шоғырланған. Алматы (288,7 мың) мен Астана (204,3 мың) қалалары жеке бизнестің орталығына айналған. Үздік үштікті 196,2 мың жеке кәсіпкері бар Түркістан облысы түйіндеп тұр. Ең төменгі көрсеткіш Ұлытау облысында — 16,1 мың бірлік.

Еске салайық, бүгінгі таңда елімізде тіркелген жеке кәсіпкерлердің 96,5 пайызы нақты жұмыс істеп тұр. Дегенмен, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда кәсіпкерлердің жалпы саны 1,1 пайызға кеміген.

Ұқсас ақпараттар