Қазақстан қоржынында 200 медаль: Отандық спортшылар алғашқы тоқсанды рекордпен аяқтады

2026 жылдың алғашқы үш айында қазақстандық спортшылар халықаралық аренада атой салып, жалпы есепте 200 медаль жеңіп алды. Бұл туралы sayasatlive.kz Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша жерлестеріміз 79 алтын, 57 күміс және 64 қола жүлдені иеленіп, ел мерейін үстем етті.

Спорт түрлеріне шаққанда, жазғы олимпиадалық және олимпиадалық емес бағыттарда 138 медаль олжаланса, ұлттық спорт түрлерінен бақ сынағандар 22 жүлдеге қол жеткізді. Қысқы спорт түрлерінде де нәтиже жаман емес – спортшыларымыз 4 алтын мен 2 күмісті қанжығаға байлады. Әсіресе, пара спортшыларымыздың табысы толайым болды: олар жалпы саны 34 медаль (15-і алтын) жеңіп алып, нағыз мықты екендерін дәлелдеді.

Биылғы тоқсанда ел спортының тарихында қалатын бірнеше маңызды жетістік тіркелді. Велотректен жасөспірім қыздар құрамасы Филиппиндегі Азия чемпионатында командалық із кесу жарысынан алғаш рет алтын алса, фристайл-акробатикадан Асан Асылхан әлем чемпионы атанды. Ал спорттық гимнастика шебері Милад Карими Бакудегі Әлем кубогінде қос күмісті иеленді.

Ерекше атап өтерлік жетістік – конькиші Кристина Шумекованың нәтижесі. Ол жасөспірімдер арасында әлемнің абсолютті чемпионы атанып, бір өзі бес алтын медальді жеңіп алды.

Министрлік жоғары жетістіктер спортын дамыту және ұлттық құрамаларды алдағы халықаралық додаларға дайындау жұмыстары жүйелі түрде жалғаса беретінін жеткізді.

Ұқсас ақпараттар